Пятница, 06 декабря 2019 10:08

Сот төрелігіндегі мемлекеттік тіл

Сот төрелігіндегі мемлекеттік тіл

 

2019 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған еді. Президент Жолдауы бес блоктан тұрады, олардың ішінен бірінші блогына тоқталып өткім келеді.

Жолдауда қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейту туралы, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келді деп айтылған.

Қазақ тілінің мәртебесін көтеру, оның қолдану аясын кеңейту еліміздің Тәуелсіздік алған күнінен бастап көтеріліп келеді. Қазіргі уақытта республикамызда мемлекеттік тіл қолданысының дамуын табысты іске асырудың құқықтық негіздері қалыптасып, оның дамуына бағытталған біршама заңдар мен қаулылар қабылданғаны баршамызға аян. Заң аясында мемлекеттік бағдарламалар әзірленіп, кезең кезеңімен орындала бастады. Осындай нысаналы жұмыстардың арқасында оның талап етілуінің өсу үрдісі байқалады.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 77-бабының 3-тармағына сәйкес, сотта әркім өз сөзін тыңдатуға құқылы.

Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолдану сот процесіне қатысушы адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің құқықтық кепілі болып табылады. Азаматтардың сотта өз құқығын тиімді пайдалану және қорғауға халықаралық нормалармен және ұлттық заңнамамен кепілдік беріледі. Мемлекеттік тілдің сот ісінде қолдану аясын кеңейтудің бірден-бір шарасы ретінде облысымыздың мекемелері мен ұйымдарына жіберілетін сот сұраныстары, іс қағаздары тек мемлекеттік тілде жазылады.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 14- бабында азаматтық істер бойынша сот ісін жүргізу қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал заңда белгіленген жағдайларда басқа тілдер де қолданылады.

Сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою арызы берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді. Азаматтық істер бойынша іс жүргізу өндірісі бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады.

Мемлекеттік органдар мен мекемелер, басқа ұйымдар мен кәсіпорындар сотқа жүгінгенде, талап арыздар мемлекеттік тілде емес, яғни дауласушы тараптардың басым бөлігі сотқа талап арыздарды орыс тілінде беруде. Мемлекеттік органдардың, адвокаттардың, заңгерлердің басым көпшілігі талап арыздар мен басқа да ресми құжаттарды жазуда түрлі сылтаулармен қазақ тілін айналып өтуге тырысады.

Сонымен қатар, мемлекеттік органдар сотқа талап арыздарын бұрынғы әдетпен орыс тілінде беруін қоймаса, пәрменді құрал ретінде осы органдарға қатысты жекеше қаулы шығару қажет деп есептеймін.

Бірақ, аталған жол – ол мәжбүрлеу жолы, соған қарағанда біз жүретін жол - мәжбүрлеу емес, ана тіліміздің қолдану аясын кеңейту қажеттілігін туындататын жол болуы қажет

Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту үшін төменде көрсетілген ұсыныстарым бар:

Құқық қорғау және мемлекеттік органдарға: прокурорлар, тергеушілер, сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде қылмыстық процесті жүргізетін органдар Қазақстан Республикасы Конституциясының 7 - бабына, «Тіл туралы» Заңның 4 – бабына, Қылмыстық – процестік кодекстің талаптарына сәйкес күдіктіге, айыпталушыға оның сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу туралы құқықтарын жан-жақты түсіндіруі керек.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 738 - бабының талаптарына сәйкес уәкілетті мемлекеттік органдар әкімшілік жауапкершілікке тартылатын адамдарға қатысты хаттамаларды жасауда олардың мемлекеттік тіл туралы құқықтары түсіндіріліп, мүдделерін қорғауды осы заңда белгіленген тәртіп бойынша қамтамасыз етуі керек.

Мемлекеттік органдар мен мекемелер сотқа талап - арыздар мен сот ісінің құжаттарын мемлекеттік тілде дайындауы керек.

Қылмыстық істер бойынша сотталушылар қазақ ұлтты тұлғалары болған жағдайда, істі қабылдап, сотқа дейінгі іс жүргізу барысында алдын ала тыңдауды тағайындап, іс жүргізу тілінің дұрыс таңдалғанын тексеруі тиіс. Сотталушының істің бұдан әрі қарай мемлекеттік тілде жүргізілуін қалайтыны анықталып, осыған құқықтық баға беруі керек.

Н.Ә.Назарбаев айтқандай: «Мемлекеттік тілді білмейінше, мемлекеттік органдарда, құқық қорғау органдарында, немесе сот саласында жұмыс істеу мүмкін болмайды».

Осы сөздің бүгінгі күннің және келешектің нақты ұстанымы екендігі сөзсіз.

Мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек деп Жолдауда нақты көрсетілген.

 

 

Смағұлова Замира,

Ақмола облыстық сотының судьясы

Оставить комментарий

Убедитесь, что Вы ввели всю требуемую информацию, в поля, помеченные звёздочкой (*). HTML код не допустим.